Шағын кәсіптің құлаш жайып, үлкен бизнеске айналуы мүмкін бе? Анжелика Семенованың оқиғасы осыған үлгі: ол үйінде лазермен эпиляция жасайтын кіп-кішкентай студия ашып, оны үлкен бьюти-салонға айналдырды, қазіргі таңда бұл сұлулық салонының қызметтерін Талғар қаласының көптеген тұрғыны пайдаланады.
Анжелика Семенова бизнестегі алғашқы қадамын он жыл бұрын саудадан бастады. Оның шағын киім дүкені болды, оған тауарларды кәсіпкер Түркиядан, Қытайдан және Қырғызстаннан әкелетін. Алайда сегіз жыл бұрын Анжелика қызмет бағытын өзгерткісі келетінін түсінді.
«Мен қалай бастадым? Мен өмірдегі орнымды ұзақ іздедім. Бизнестен бөлек, менің алты мемлекеттік дипломым бар, бірақ біреуге жұмыс істеген маған ешқашан ұнамайтын. Мен ол жерде ешқандай болашақ көрмедім. Мен шектеулі болдым, өзімді құлдықта жүргендей сезінетінмін. Күндердің бір күнінде маған өз кәсібімді ашуым керек деген ой келді!», – деп баяндады кәсіпкер
Киім саудасымен байланысты бизнес қатты қалжыратады. Анжелика бұл бағытта адамның демалыссыз жұмыс істеу керектігін айтады, өйткені бірде адам жолда болса, бірде жаңа модельді іздеумен болады. Нәтижесінде, денсаулық құриды, себебі кейде тауарды өзің тиеп-түсіруге мәжбүрсің.
Анжеликаны бьюти-сала бұрыннан қызықтыратын. Алған дипломдары оған сұлулық саласында жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Оның медициналық білімі болғандықтан, ол лазерлік эпиляция мен аппараттық косметологияны таңдады. Кәсіпкер ханым KMF-тен алған қаражатқа лазерлік аппарат сатып алып, үйінде шағын студия ашты. Сонымен қатар қалған ақшаға Мәскеуге барып, курстан өтті. Өз шаңырағында Анжелика үш жылдай жұмыс істеді, ал содан кейін кәсібін кеңейткісі келетінін түсінді. Үй жағдайында мұны жүзеге асыру мүмкін емес еді. Анжелика тағы да тәуекелге бел буып, бизнесін кеңейтуге кредит алды.
Кәсіпкер ханым жасаған келесі қадам – болашақ салонын ашатын орын тапты. Бұл дайын салон емес, бос тұрған цементтелген үй-жай болатын, бірақ Анжеликаға бұл кедергі болмады. Оған қоса, жолдасы да қатты қолдау көрсетті – жөндеу жұмыстарын өз қолына алды. Жөндеу, жиһаз және косметологиялық жабдық сатып алу, оны жайластыру сияқты барлық жұмыс аяқталып, «Кислород» сұлулық және денсаулық орталығы келушілерге өз есігін айқара ашты.
Әрине, қиындықсыз болмады: сол уақытта Қазақстанда лазерлік эпиляция жақсы дамымаған еді, адамдар ол туралы білмегендіктен, мұндай процедураларға күмәнмен қарайтын. Анжелика жаңа орнын жарнамалау үшін қаржы құю қажет деп ойлады. Бірақ ұзынқұлақ өз нәтижесін берді. Бір сәтте кәсіпкер жарнама беру қажет емес екенін түсінді.
«Менің өмірлік ұстанымым: қорқыныш әрі қиындық туғызған іс сәтті болады. Себебі көбісі ондай кәсіппен айналысуға қорқады, халық қабылдамайды деп ойлайды. Мен мұны жақсы түсіндім, өз басымнан да өтті. Ал қазір Қазақстанның ғана емес, ТМД елдерінің де шеберлерін лазерлік эпиляцияға үйретіп жүрмін», – деп ойын бөлісті Анжелика.
Бүгінгі таңда Анжеликаның салоны 250 шаршы метрді алып жатыр, ол жерде 17 шебер жұмыс істейді. Оған қоса, ол Талғарға қалада жоқ аппараттарды алып келді: қан тамырларымен жұмыс істейтін аппарат, RF-лифтинг, микротоктар, прессотерапия, вакуум және тағы да басқа. Үш жылдан кейін кәсіпкер ханым лазерлік эпиляцияны оқыту бойынша өзінің авторлық курсын әзірледі. Оны онлайн да, офлайн да сатады.
KMF Isker Hanymy жүлдесі туралы Анжелика өзімен он жылдан астам жұмыс істеп жүрген өз менеджерінен білді. Ол ақпаратты хабарлап қана қоймай, қатысуға шабыт берді. Нәтижесінде «Бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясында жеңімпаз атанды.
«KMF Isker Hanymy шарасына қатысу үшін Алматыға келгенімде өзім сияқты кәсіпкер ханымдармен танысып, тілдестім. Олар – өз ісін сүйетін, әрі қарай дамуды қалайтын еңбексүйгіш жандар. Бұл керемет болды, сол атмосфераны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мен үйге рухтанып қайттым. Қатысқаныма өте ризамын», - дейді Анжелика. Сонымен қатар ол осы іс-шарада танысқан қатысушылармен әлі күнге араласатынын айтты. Олар идеялары мен тәжірибелерімен алмасып отырады, сонымен қатар бір-бірлерін қолдап жүреді.
Айтпақшы, Анжелика KMF Isker Hanymy байқауында жаңа жобасымен тағы бір рет бағын сынауды жоспарлап отыр. Әзірге ол барлық құпиясын жария еткен жоқ, бірақ бұл Талғардағы әйелдердің басын біріктіретін мүлде жаңа орталық болатыны белгілі. Анжеликаның қиындықтарға мойымай, үнемі алға ұмтылуына не көмектеседі? Бұл сұраққа ол былай деп жауап берді:
Мотивация жоғалған кезде, қол жеткізген жетістіктерді еске түсіру керек. Жарты жолда осылайша барлығын тастай салуға дайынсыз ба? Қаншама нәрсеге қол жеткізгеніңізді ойласаңыз, оның қадірін түсінесіз. Ал егер ештеңеге зауқыңыз болмаса, өзіңізді жеңуге тырысуыңыз керек. Кедергісіз өсу жоқ. Демалыңыз, жаныңызға жақын іспен айналасыңыз. Әркімде өзіне күш жинаудың жеке әдісі бар. Мысалы, мен табиғат аясында болғанды ұнатамын. Қала сыртына шығып, үйді жалға аламын, кітап оқимын, йогамен айналысамын – осылайша күш жинаймын. Міндетті түрде демалып, күш жинап тұру қажет, өйткені ресурс болмаса, бизнесте алға жылжу мүмкін емес».
Анжелика Семёнова, «Кислород» сұлулық және денсаулық орталығының негізін қалаушы, Талғар қаласы