Талдықорғандық Айдана Мұсабекованың оқиғасы – балауса шақтағы уақытша жұмыстың, ыңғайын тапса, адамның әрі қарайғы өмір жолына бағдар бола алатындығына жарқын мысал Айдана Мұсабекова үшін болашақ бизнестің алғашқы дәні мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ, тоғызыншы сыныпты аяқтағанда себілді. Жазғы демалыста Айдана ерлерге арналған қымбат костюмдер сататын дүкенге жұмысқа тұрды. Ол бос уақытын тиімді өткізіп, адал еңбекпен алғашқы табысын тапқысы келді.
«Жұмысым өзіме қатты ұнайтын. Мен 90 күн, яғни жазғы каникул бойына демалыссыз жұмыс істедім Небәрі 500 теңгені құрайтын бір күндік жалақымды алған кездегі бойды кернеген мақтаныш сезімі әлі күнге дейін есімде (айына шамамен 15 000 теңге шығатын). Оқу жылы басталса да, табыс табуды жалғастырдым – демалыс және мереке күндері жұмыс істейтінмін. Осылайша, ол дүкенде төрт жылдай жұмыс істеппін, – деп еске алады Айдана. Сауда саласында жүрген Айданаға жеке дүкен ашу туралы ойлар келе бастайды. Ол бұл идеясын ұзақ пысықтайды, қандай тауар болу керектігін мұқият ойланады, сөйтіп 2009 жылы ұялы телефон аксессуарларын, сәл кейінірек электроника сату нүктесін ашады.
«Ол кезде ұялы телефон аксессуарлары мен электроника нарыққа белсене ене бастаған еді, адамдар бұл тауарларға үлкен қызығушылық танытатын. DVD-плейерлер, флешкалар, сенсорлық және жартылай сенсорлық телефондар үлкен сұранысқа ие еді. Бұл заттар өзіме де қатты ұнайтын, мен бұл ісіме жәй ғана жұмыс деп қарамадым. Оған қоса, маған адамдармен жұмыс істеген қатты ұнайды. Жасырмай-ақ қояйын, табыс мол болып, ақша жинап жатқанымнан ерекше ләззат алатынмын», – дейді кәсіпкер ханым.
Айдананың айтуынша, орталықтағы үлкен дүкенде жақсы сауда орнын табу өте қиын болды. Бірақ бұл қадамды еңсергеннен кейін әрі қарай Айдана өзінің қорқыныштары мен күмәндарына мән беруді қойды.
Айдананың нақты мақсаты болды, ол ақша жинап, үй сатып алу үшін тұрақты бизнес құруға ұмтылды. «Бизнес құрудағы алғашқы қадамдар – бұл күш пен батылдықты талап ететін қызықты кезең. Алайда, жасап жатқан ісіңе сенімді болсаң, барлық күмән артта қалып, оның орнына бизнеске жол ашатын жарқын идеялар келеді. Сенімділік, еркіндік және өз мақсатына жету шындыққа айналады. Идеяңның жүзеге асып жатқанын көру нағыз сиқыр дерсің», - деп атап өтті Айдана. Бастапқыда Айдана Мұсабекова шағын сауда нүктесін ашты, ал бүгінде ол – тауарлардың кең түрін сататын дүкендер желісінің иесі. Қазір ұялы телефондар аксессуарлары мен электроника тауарларына музыкалық аспаптар мен аппаратура қосылды. Ең бастысы, тұрақты клиенттері пайда болғанын атап өтті кәсіпкер.
Айдана KMF Isker Hanymy байқауына сәтті қатысып, «Бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясында марапатқа ие болды. «Менеджерім байқауға қатысып, бағымды сынап көруге кеңес берді. Өзім де бұл жаңа тәжірибе алуға керемет мүмкіндік деп есептедім. Қателеспеппін – номинациялардың бірінде жеңімпаз атандым. Бұл тәжірибе маған бір орында тұрып қалмай, одан әрі дамуыма, бұрынғыдан да жақсара түсуіме түрткі болды», – дейді Айдана. Айдананың айтуынша, ол бизнесін дамытып, «Алло» деп аталатын дүкендер желісін ашқаннан кейін өмірде көп нәрсеге қол жеткізді, армандары орындала бастады. Ол арманындағы қос қабатты зәулім үй, жол талғамайтын қымбат көлік сатып алды, көп саяхаттай бастады.
Айдана өмірінде қол жеткізген жетістіктерінің барлығы қажырлы еңбектің, нақты мақсат қоюдың және өз саласында ұдайы дамудың арқасында деп біледі. «Мен ісімді нөлден бастадым, әрине, қиындықсыз болған жоқ. Қолымды бір сермеп, бастаған ісімнен бас тартқым келген сәттер де болды, бірақ мен алға ұмтылдым, өйткені менің айқын мақсатым болды. Мен өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге ішкі жан дүниесін тыңдауға, болашақ туралы армандауға, жоспар құруға және міндетті түрде демалып тұруға кеңес беремін», – деп атап өтті Айдана.
Осы жылдар ішінде Айдананың кәсібі бір дүкеннен ауқымды дүкендер желісіне дейін өскеніне қарамастан, ол бұнымен тоқтап қалмақ емес. Кәсіпкер ханым өз ісін кеңейтуді ойластырып жүр. Мысалы, ол дүкен салуды, тауарларын онлайн сатуды, штатты кеңейтіп, өз брендімен тауар шығаруды армандайды.
Айдана Мұсабекова, ұялы телефондар мен аксессуарлар дүкендері желісінің иесі, Талдықорған қаласы.