Қазақстандық әйелдер қолдарынан бәрі келетінін күн сайын дәлелдеп жүр. Олардың арасында Қызылорда облысы Шиелі ауылынан Бейсенкүл Ералиеваны айтуға болады. Он бес жылдан бері Бейсенкүл тек ерлер айналысады деген салада өз кәсібін дамытып жүр – кәсіпкер ханым күріш өсірумен және өңдеумен айналысады.
1985 жылы институтты тәмамдағаннан кейін Бейсенкүл мамандығы бойынша экономист болып жұмыс істеді. Алайда елдегі жағдай оның кәсіби жолына өз түзетулерін енгізді: Кеңес одағы ыдырағаннан кейін жұмыс орындары жабылып, Бейсенкүл қызмет саласын өзгертуге мәжбүр болды. Сол кездегі көпшілік сияқты ол да біраз уақыт базарда киім-кешек сатты. Кейінірек темір жолға жұмысқа тұрып, салық салумен айналысты. Осы оқиғада күріш өңдеу қайдан пайда болды? Бұл адамның керек уақытта, керек жерде болғанының айғағы.
Бейсенкүлдің көп танысы сол кезде күріш өсірумен айналысты. Көктемде егіс науқанына дайындалу үшін олар Бейсенкүлден қаржылай көмектесуін сұрайтын, ал күзде егінді жинап алғаннан кейін қарыздарынан құтылатын. Алайда 2003 жылы қуаңшылық болып, таныстары қарыздарын Бейсенкүлге ақшалай емес, өңделмеген күрішпен қайтарды. Егер Бейсенкүл күрішті сол күйінде сатса, оған аз ғана пайда түсер еді. Бейсенкүл ойлана келе, өңделген күріштен екі есе пайда алатынын түсінді.
«Мен күріш өңдейтін ескі аппарат сатып алдым, ол кездегі мақсатым шығындарымды жабу ғана болды. Ал содан кейін мұның тиімді екенін түсіндім. Қазақстанда күріш үлкен сұранысқа ие. Оған қоса күрішті сақтау қиындық туғызбайды. Ал ең бастысы, бұл – қалдықсыз өндіріс. Қайта өңдеуден қалған қалдықты топырақты тыңайтуға және малға жем ретінде пайдалануға болады», – дейді Бейсенкүл.
Әуел баста Бейсенкүл Ералиева күрішті өз ауылында сатты, содан кейін өз өнімін бүкіл Қызылорда облысына өткізе бастады. Бір қызығы, бастапқыда ол бұл кәсіпті басқа әйелдермен бірігіп дамытуды жоспарлаған. Бірақ тәуекелге барып, өз ісін жеке дөңгелетуге бел буды. Бейсенкүлдің айтуынша, кәсібін дамытуға KMF көп септігін тигізді. Бейсенкүл 2006 жылы қаржылай қолдау сұрап хабарласқанда, KMF бірден оның идеясын қолдап, табысқа жететініне сенген. Осылайша, Бейсенкүл күріш өңдейтін екі бірдей өндірісті ұйымдастыруға мүмкіндік алған.
«Кез келген кәсіпте қиындықтар болады, әсіресе, алғашқыда клиент табу, процесті жолға қою оңай болмайды. Мен қиындықтарды ойламадым, жаймен алға жылжи бердім. Мен ісімді бастағанда да, қазіргі уақытта да мені ынталандырған менің балаларым. Алдымда оларды өсіру, оқыту, қамтамасыз ету, үй салу міндеттері тұрды. Қазір немерелерім бар, енді солар үшін еңбектенемін. Балаларымды аяққа нық тұрғызғаныма бақыттымын, бұл менің басты жетістігім деп санаймын», – дейді Бейсенкүл.
KMF Isker Hanymy байқауына Бейсенкүл Ералиева екі рет қатысты, екеуінде де жеңімпаз атанды. Кәсіпкердің айтуынша, ол өзінің жеңісіне күмәнданбаған, себебі оның кәсібі толықтай жергілікті өндіріс, оған қоса, экологиялық таза. Сондықтан ол «Ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін» марапатына толықтай лайық.
«Байқау туралы менеджерім айтты, еш кідірместен қатысамын деп шештім. Мен қаржылай қолдау қажет болса, KMF-ке жүгінуге кеңес беремін. Әсіресе, өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге. Менің тәжірибем бұл бизнестегі дұрыс қадам екенін көрсетеді. KMF-пен ынтымақтастық орнатқандардың кәсібі өрге домалайтынын байқадым. Ал KMF Isker Hanymy байқауына қатысу – бұл жұмысыма қорытынды жасауға және дұрыс бағытта жүріп жатқаныма көз жеткізуге тамаша мүмкіндік», – деп атап өтті Бейсенкүл.
Келесі жылы Бейсенкүл зейнетке шығады, бірақ мұнымен тоқтап қалмайды. Кәсіпкер ханым сол қарқынмен жұмыс істеуді, мүмкіндігінше айналымды арттыруды жоспарлап отыр. Бейсенкүл Ералиеваның оқиғасы табыс тәуекелге барудан қорықпайтын, қандай жағдай болмасын алға жылжитын адамдарға келетінін айғақтайды.
Бейсенкүл Ералиева, күріш өңдеу өндірісінің негізін қалаушы, Қызылорда облысы