Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы үлкен әлеуетке ие болғанымен, сала төңірегіндегі түйткілдер аз емес. Су тапшылығы, техникалық мүмкіндіктердің аздығы, қаржының жетіспеуі сынды мәселелер салдарынан көптеген фермер тығырыққа тірелетіні де жасырын емес. Бұл ретте саладағы кәсіпкерлерге KMF компаниясы және KMF-Демеу қоры үлкен көмек көрсетіп келеді. Ұйым ұсынатын қаржы мүмкіндіктері мен несиелер ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлердің дамуына жол ашып, табысқа жетуіне септігін тигізіп жатыр.
Оған Отырар ауданы Шәуілдір ауылындағы кәсіпкерлер айқын дәләл. 16 тамызда KMF компаниясы және KMF-Демеу қоры аталған аудан аграрийлеріне “Ауыл шаруашылық дақылдарын өсірудің тиімді жолдары” деп аталатын ауқымды агрофорум өткізді. Мұнда Қазақстанның білікті агроном ғалымдары саладағы өзекті мәселелерді талқылау үшін жиналып, кәсіпкерлерге құнды кеңесін айтты.
Отырар ауданы Шәуілдір ауылының фермері Сәкен Абраимовтың кәсіп бастауына KMF компаниясы және KMF-Демеу қоры көп мүмкіндік берген. Ол өз ісін небәрі бір сиырмен бастаған. Қазір мал санын 15 бас ірі қараға дейін арттырған. Кәсібінің арқасында ол ауылдағы балабақшаны сүт және ет өнімдерімен қамтамасыз ететін тендер жеңіп алды. Осылайша оның шағын ғана шаруашылығы табысты бизнеске айналған.
Сәкен Абраимовтың KMF компаниясы және KMF-Демеу қорымен серіктестігі оның тек қаржылай тұрақтылығын арттырып қана қойған жоқ, сонымен қатар кәсіби дамуына да жол ашты. Мәселен ауылда өткен агрофорум ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкер ретінде біліктілігін арттыруға септігін тигізді. Шараға қатысқан халықаралық деңгейде тәжірибесі бар агроном ғалымдардың тәжірибесі мен бөліскен ақпараты өте құнды, дейді ауыл кәсіпкері. Ғалымдар мен мамандар аграрийлер жиі тап болатын мәселелерді кеңінен талқылап, шешімін ұсынды.
Форумға арнайы шақыртылған маманның бірі – Нариман Масалиев. Аграрлық ғылым саласында 14 жылдан бері тер төгіп жүрген ғалым өнімділікті арттыру үшін өсімдіктерді қорғаудың тиімді тәсілдерін бөлісті.
Оның айтуынша, арам шөптермен күресудің тиімді жолы – арнайы дәрілерді пайдалану. Бұдан бөлек өсімдік ауруларының негізгі симптомдарына тоқталып, тыңайтқыштардың жетіспеуі кезінде қандай белгілер пайда болатынын айтты. Мысалы азот, фосфор, калий секілді элементтер жетіспеген жағдайда өсімдіктердің өсуі тежеледі және мұндай белгілерді ерте анықтау үлкен шығынның алдын алуға көмектеседі, дейді ғалым. Маманның айтуынша, аграрлық салада жаңа технологияларды пайдалану арқылы шағын және орта кәсіпкерлер үлкен жетістіктерге жетпек.
Агрофорумға қатысқан кәсіпкерлердің бірі – Назгүл Асханқызы. Шәуілдір ауылында 30 жылдан астам уақыт бойы өмір сүріп жатқан ол бүгінде егін және мал шаруашылығымен айналысады. Ал ауыл шаруашылығы саласында бизнес бастауына KMF-тің тікелей қатысы бар. Назгүлдің айтуынша, KMF-пен серіктестігі сонау 2005 жылдан басталған. Содан бері алған несиелердің арқасында үйін жөндеп, шаруасын дөңгелетіпті. Назгүл мен оның отбасы KMF ұсынған қолдау арқылы 2019-2022 жылдары шағын несиелер алып, оны кәсібін өркендетуге және студент балаларына ноутбук және телефон секілді қажетті техника алуға жұмсапты. Оның сөзінше, пайыздық мөлшерлеменің төмендігі – қаржы ұйымының басты артықшылығы.
KMF компаниясының өңірдегі директоры Мейіржан Мамахановтың сөзінше, агрофорумның негізгі мақсаты – фермерлер өнімін арттырып, табысын көбейту. Осы орайда, агрофорумда ғылыми жобалар көрсетіліп,түрлі тәжірибе талқыға салынды. Агрофорумның дәл осы өңірде ұйымдастырылуы да бекер емес. KMF-тан ауылшаруашылығымен айналысу үшін несие алған тұтынушылардың 70 пайызы Отырар ауданында тұрады.
Бүгінгі агрофорум мал шаруашылығымен, егін шаруашылығымен айналысатын клиенттерімізге өте пайдалы, аса маңызды. Себебі осы саладағы мамандарды білгенін, тәжірибесін бөлісуі үшін арнайы шақырып отырмыз.
Кейінгі екі жылдың көлемінде KMF компаниясымен және KMF-Демеу қорының қолдауымен бірнеше агрофорум ұйымдастырылды. Солардың нәтижесі мен тиімділігін сараптай отырып, осы агрофорумды Шәуілдірде өткізу туралы шешім қабылдадық.
Қазір агрономия саласында түрлі қиындық, толық өнім алмау сияқты кедергілер көп. Мысалы құрғақшылық, түрлі өсімдік ауруы сияқты мәселелердің алдын алу үшін мамандардың ғылыми жобаларын көрсетіп жатырмыз. Бұларды ауылдағы кәсіпті дамыту үшін ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі агрофорумның басты мақсаты – тұтынушылар тәжірибесі мен компания тәжірибесін ұштастыра отырып, клиенттердің табысын арттыруға көмектесу.
Ал шара аясында ұйымдастырылған көрме арқылы кәсіпкерлер агроөнеркәсіптік компаниялармен жақынырақ таныса алды. Форумнан алған білімін пысықтау мақсатында қонақтар арасында ұтыс ойыны ойнатылды. Бір қуантарлығы, KMF компаниясы алдағы уақытта да ауыл шаруашылығын қолдауды жалғастыра бермек.